Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына нефрология бейіні бойынша ауыр науқас балалар ем алуға түсіп жатады. Сол түсіп жатқан науқас балалардың біреуінде жедел бүйрек жетіспеушілігі анықталды. Ауруханамыздың нефролог, хирург, реаниматолог дәрігерлерінің бірлесіп жұмыс жасауының арқасында науқасқа перитонеальді катетер орнатылып, перитонеальді диализге алынды. Бүгінгі таңда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің "Ақсай" Республикалық балалар клиникалық ауруханасынан білікті маман нефролог дәрігері Жумагулова Зейнеп Ержановна шақыртылды. Осы маманның қатысуымен науқасқа қосымша кеңестер берілді. Осындай мамандардың шет аймақтарға барып, науқастардың еміне өз үлестерін қосып жатқаны үлкен еңбек. Барлық дәрігерлеріміздің ортақ мақсаты балалардың тез сауығып, аяқтарына тұрып, аман-есен ата-аналарымен қауышуына жеткізу. Республикалық деңгейдегі клиникалық дәрігерлерімен жұмысымыз әлі де жалғасады. Еңбектеріміз жемісті болсын. Кішкентай сәбилеріміз тез сауығып шыға берсін.

By admin