Бүгін Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлы Алматы аймақтық көпсалалы балалар ауруханасының емделушілерін Жаңа жылмен құттықтады.
Кішкентай пациенттерді құттықтау үшін ауруханаға арнайы келген Өмірзақ Әбілсейітұлы оларға жылы лебізін білдіріп, сыйлық табыстады. Сонымен қатар облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жолдады.
Басқарма басшысы Жаңа жылдық шыршаға қатыса алмаған аурухананың бөлімшелеріндегі бүлдіршіндерді палаталарына барып құттықтады. Ем алып жатқан балалар үшін қонақтардың келуі тосын сый болды.
- Алматы аймақтық көпсалалы балалар ауруханасында қазіргі уақытта 140-тан астам бала ем қабылдап жатыр. Оларды құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлау біз үшін де үлкен қуаныш. Балалар мен оның ата-аналарына зор денсаулық, отбастарына амандық, Жаңа жылда барлық армандарының орындалуына тілектеспін, -деді басқарма басшысы Өмірзақ Әбілсейітұлы.
Ата-аналар балаларға ерекше көңіл-күй сыйлаған басқарма басшылығы мен аурухана әкімшілігіне алғысын білдірді.
