Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша бекітілген жоспарға сай "Қазақстан халқы тілдері күні" мерекесіне және ұлт ұстазы, қазақтың көрнекті ақыны, қазақ тіл білімі ғылымы мен әдебиеттану ғылымының, журналистика ғылымдарының негізін салушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО аясында тойланып отырған 150 жылдық мерейтойына орай"Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының рухани көсемі" тақырыбында семинар өткізілді. Семинарды филология ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маман Н.Кенжеғараев өткізді. Семинарға аурухана қызметкерлері, дәрігерлер мен мейіргерлер, санитарлар қатысты. Семинарда А.Байтұрсынұлының қазақ тілі біліміне қатысты еңбектерімен қатар, әдебиеттанушылық зерттеулері, Ақаң бас редакторы болып шығарған "Қазақ" газетінің қазақ қоғамының саяси-қоғамдық санасының оянуына, өсуіне тигізген ықпалы, ғалымның ағартушылық, педагогикалық қызметтерімен қатар, мемлекеттік және саяси-қоғамдық қызмет аспектілері сөз етілді. Неліктен Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы, рухани көсемі деуіміздің мән-мағынасы айтылды, ғылыми еңбектеріне талдау жасалды. Ақанның ғылыми-педагогикалық, саяси қызметтері оның өмірбаянының хронологиясымен қатар өрбітіле түсіндірілді. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен қатар ғалымның шығармаларын зерттеген еңбектер таныстырылды. Аурухананың консультациялық-диагностикалық емханасының меңгерушісі Г.Құдайбергенова А.Байтұрсынұлының "Маса" өлеңін оқып, ұлт ұстазының шығармашылығы туралы ойларымен бөлісті.


